Облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Нұрлы Жол – ұлттық тарихқа бастар жол» акциясы аясында Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейі қорынан «Құмында бабалардың ізі қалған» атты көшпелі көрме ұйымдастырылды
Көшпелі көрменің мақсаты-киелі қасиетті Шалқар өңірінің көнеден жеткен мұралары мен өнер туындыларын, батыр бабаларымыздың тұтынған бұйымдарын, құнды жәдігерлер тарихын халыққа насихаттау, ұлттық құндылықтарымыздың кешегісі мен бүгінгісін жас ұрпақ санасына терең сіңіре отырып, Отанына деген патриоттық сезімін, сүйіспеншілігін арттыру болып табылады.
Көрмеге 1855-1858 жылдардағы шаруалар көтерілісіне белсене қатысқан, батыр, би, мырза атанған Қарағұл Қонақбайұлының қылышы, 1853-1858 жылдары халық-азаттық қозғалысының басшысы Есет Көтібарұлының мылтығы, Ер Едігенің ұрпағы, Ер Есеттің үзеңгілес серігі болған, патшалық Ресейдің отарлау саясатына қарсы күресте айырықшы көзге түскен батыр, би, саясаткер Әзберген Мұңайтпасұлының найзасының ұшы, қазақтың қаһарман батыры, тарихи тұлға, қоғам қайраткері Бақтыбай Төлесұлының бейітінен табылған шырағдан, Шаруалар көтерілісін басқарған, Орынбор-Ташкент теміржолын салуға атсалысқан, заманында болыс болып сайланған би, әрі шешен Мырзағұл Шыманұлы пайдаланған жез подносы, Қыз Қосанның ақын Сары Батақұлына берген қалтасы, Кеңес Одағының батыры Ідіріс Үргенішбаевтың қамшысы, мектеп қоңырауы тағы басқа құнды жәдігерлер, батыр бабаларымыз жайындағы кітаптар қойылады. Көрмені мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысының орынбасары Қыдырғали Мұхитұлы ашып берді.
Көрме барысында өлкетанушы, «ҚР мәдениетіне еңбегі сіңген қызметкері», музей ардагері Рысжан Ілиясова Шалқар музейінің жасақталу, құрылу тарихына кеңінен тоқталды. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Қарағұл батырдың ұрпағы-Мұхтаров Сабыржан Сағидоллаұлы әкесі Сағидолланың Қарағұл батырдың қылышын музейге қалай тапсырғанын әңгімелеп берді. Өлке тарихына, ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосып жүрген ел азаматтары Қанатбай Елеусізұлы, Бошық Жүпесұлы Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейінің құрылуына аудан халқының ауызбіршілігі, өлке тарихына жанашырлық көрсеткен ел азаматтарының ерен еңбектері, өлкеден шыққан батыр бабалардың ерліктері мен қасиеттерін айта келіп, бүгінгі көрмені ұйымдастарушыларға, қонақтарға алғыстарын білдірді. Жазушылар одағының мүшесі, Шалқарлық ақын-Гүлсамал Төрединқызы туған жерге деген сағынышын өлең жолдарымен жеткізді.
Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Дүйсенғали Мейрам Нұрланұлы Шалқар өңіріне жүргізілген ғылыми-этнографиялық экспедиция барысында болған қызықты оқиғаны баяндады. Экспедициядан қайтар жолда Есет Көтібарұлының кесенесіне соқпай төте жолмен келе жатқан көліктерінің кенеттен істен шығып, екі күн жолда қалғандарын, батырдың киелі, аруақты, қасиетті кісі екенін айтып берді.
Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музей ұжымын тарихи-танымдық көрмені ұйымдастырып алып келгені үшін Облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры М.Дүйсенғали алғыс хатпен марапаттады.
Көрмеге ғалымдар, өлкетанушылар, мәдениет қызметкерлері, көп салалы «Болашақ» колледжінің студенттері оқытушыларымен қатысты.