«Көп жасаған қария, ақылы теңіз-дария»


Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Көп жасаған қария, ақылы теңіз-дария» атты тақырыпта өткізілген кздесу кеші

Қарттар жүрсін ортада
Өткенді көрген шежіре
Аман-сау болсын әрқашан
Сыйлаған бақыт біздерге

Қазақтың басқа халықтардан айырмашылығы – “Ұрпағым” деп шыр-пыр болатыны. Ол үшін көзсіз көбелектей отқа түсетіні. Бұл- біздің ең ұлы ұлттық қасиеттеріміздің бірі. Ал ұрпақтың ата-ана алдындағы борышын өтеу үшін жасап жатқан ынта-жігері мемлекеттік деңгейде қолдау тауып, зейнеткерлерге жағдай жасау. Президентіміздің жыл сайынғы халыққа жолдауында арнайы қаралып, оларға қамкорлық ел эканомикасының өсімімен қатар өсіп келеді.

Қай заманда болмасын ел ағалары, ауыл ақсақалдары елдің бірлігін, халықтың тыныштығын ойлаған, дуалы сөздерімен, өнегелі өмірімен, аймақты, бір рулы елдің қамқоршысы, тілегін тілейтін тілекшісі бола білген. Қазіргі еліміз тәуелсіздігіне қол жеткізген азат заманда кемеңгер ағалығы мол, айтар ақылы көп қарияларымыз ортамыздан табылары ақиқат.
Қарияларымыздың қадір-қасиетін түсініп, қадір тұтқанымыздың дәлелі ретінде тарих қойнауынан сыр шертетін киелі орда Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейінде мекеме басшысы Н.Ш.Тлембаеваның ұйымдастыруымен «Көп жасаған қария, ақылы теңіз дария» атты кездесу кеші өтті.
Кештің мақсаты ауданымыздағы көргені мен түйгені көп, елі мен жері үшін терін төккен киелі Шалқар топырағының белді азаматтарымен сыр шертіп, үлкендерінен бата алып, ой бөлісу, жастарды бойына үлкенді сыйлап тыңдай білуге, халқының салт – дәстүрінен нәр алуға, инабаттылық пен мейірімділікке тәрбиелеу.

Саналы ғұмырларын Отан деп, тынымсыз еңбектерімен мемлекетіміздің негізін салуға жол ашқан, өмір жолдары бүгінгі ұрпаққа табылмас қазына болатын Қартбай, Дәулетжан, Кеңесбай – Сәбила, Көлбай-Торғын, Өмірзақ-Нәзира, Жеткерген, Мадина, Темірхан, Сания, Набат, Зада, Злиха, Айжан, Райхан, Меңдалы-Гүлзия, Күләй сынды аға-апаларымыз кеш қонақтары болды.
Қазақша жыл басында көріскен, бір-бірімен араласуға оңтайлы уақытты тапқан қарияларымыз шақырылған уақыттан кешікпей, мәре-сәре болып, кештің сәнін кіргізіп, шүйіркелесе кетті. Осы бір сәт, сырттан қараған жанға бейне бір қазақтың мамыражай ауыл өмірін көзге елестеткендей әсер туғызғаны анық.

Кештің ашылу салтанатында сөз алған музей директоры Нағима Тлембаева қай жерде де ата-анаға қызмет көрсетуге тиістілігіңді ұмыту әсте жарамайды. Қарт адамдардың үйретуге де, ақыл айтуға да моральдік құқы бар. Бұл моральдік құқыны құрметтей білу керек және оларға дұрыс қарап, қамқорлық жасаса, қартайған ата-анасы оның отбасының құты болып табылады деп атап өтті.
Кеш барысында ас беріліп, наурыз көже беріліп құран бағышталды. Ас үстінде өз кезегімен сөз алған қариялар ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді. Ал, кейбіреулері музей экспозициясынан ата-аналарының суретін көріп бір мезет өздері бала болғандай күй кешіп, ойларын тебіреніспен әңгімеледі.

Киелі орда болғандықтан кешке келген ел үлкендері салихалы сөздерімен, тарихи аңыздармен байланысты қызықты әңгімелерін айта отырып сыр бөлісті. Құмы құт, шөбі шүйгін Шалқардың құт –берекелі өлке болуы осы топырақтан өсіп -өнген ел азаматтарының арқасы –деді өз сөзінде Дәулетжан ағай. Ал Сәния апай осы кештің өткізілу мақсатын кең мағынада түсініп, барлығы бар, бірақ адам ниеті тарылып, үлкенге құрмет азайған үлкен кәрі әке-шешелерін қарттар үйіне тапсырып жатқан жастарымызға тоқтау боларлықтай қазіргі таңда осындай шаралардың ұйымдастырылуы кеңінен қолға алынса, жастардың үлкендерді сыйлау, құрметтеу сезімдері оянарына кәміл сенетінін атап көрсетті. Ал Мәдина апай өткен күндерін еске ала отырып, қолөнер шебері Айдос Мұратов атамыздың көзін көріп дәмдес болғаны жайлы әңгіме қозғай отырып өзінің шаңырағында шебердің қолөнер туындысы ас сақтайтын жәшігі бар, болашақта сол жәдігерді музейге тапсыруға уәде етті.

Бабаларым, рахмет сендерге!»,- деп Мұқағали Мақатаев атамыз айтқандай міне, біз өзіміздің ата-әжелеріміз алдында қарыздармыз. Ол қарызымызды тек жақсы тәрбие арқылы, адамгершілігі мол, мейірімді болу арқылы ғана, оларды көрген жерде құрметтеп сыйлау арқылы ғана қайтара аламыз. Шараның өтуіне жомарттық танытып, адал перзент екендіктерін өз істерімен көрсете білген қаламыздағы Саз мектебінің директоры Алмас Бақытқалиұлы мен Жастар ресурстарының директоры Жанна Дүйсенқызы, Оқушылар сарайы директорының міндетін уақытша атқарушы Жанар Есенғосқызы, М.Тәжин атындағы мектеп мұрағатшысы Жанар Қорғанбайқызына, Т.Шанов атындағы мектеп мұрағатшысы Зарина Серікқызы белсене атсалысты.

Қарттарымызды ардақтап өтейік ағайын!


Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *