Жарас мерген ұрпағымен жүздесу
Бүкiл әлемдi жаратқан құдiретi күштi иемiз Аллаһ және оның сүйiктi пайғамбары Мұхаммедтiң (с.ғ.с.) жақсы көрген айы қасиеттi рамазан айы.
Жай уақытта жасаған жақсылықтар мен салиқалы амалдар сауабының еселеніп жазылатын құтты айы рамазанда «Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейі» бастауыш партия ұйымының, «Тарих-халық зердесі» атты ғылыми кеңес мүшелері игілікті істің бірі Жарас Пұсырманұлының ұрпағы Қарашолақ шын аты Құдайберген атамен жүздесуге барды.
Таңғы салқынмен үй көлеңкесінде дамылдап жатқан бір ғасырды алқымдаған, көпті көрген қария Шалқардан келген кеңес мүшелерін жылы шыраймен қарсы алды. Амандасып, жөн сұрасқан қонақтар қарияны қаумалап қасиетті қара шаңыраққа бас сұққан соң атайдың жатын бөлмесіне жайғасты. Исі қазаққа танымал Жарас мергенді үлгі, мақтаныш тұтатын баба ұрпағы Құдайберген (ел арасында Қарашолақ атанып кеткен) 1909 жылдың 9 мамырында дүниеге келіпті. Он бір бала тәрбиелеп өсірген, қосағымен ұзақ жылдар бірге жасаған,қазіргі таңда бала-шаға ортасында тәуелсіз елде бақытты өмір сүріп жатқан қарияның жүзі жарқын, қимылы ширақ. 107-нің жарқыраған жазында үйге өзі кіріп-шығып жүрген қарияны көргенде таңданбау мүмкін емес. Денсаулығымның мықтылығы ата-баба аруағының қолдағаны, желеп-жебегені деп ағынан жарылды. Үйге кіріп барғанда төрдегі төсегінің тұсындағы ілулі тұрған ұзындығы 1метр 80 см болатын мылтыққа назар аудармау мүмкін емес. Өйткені матамен оралып, жоғарыға ілінген мылтықтың батыр, мерген адамның пайдаланған қасиетті бұйымы екенін айтқызбай-ақ түсінуге болады. 350 жылдық тарихымен ерекшеленетін мылтықты бабасының аманаты ретінде сақтап келген көнекөз қария:
Әуелі алла әулие қолда
Кеткенін келтір,
Кемтігін толтыр
Шыққанына есе бер
Қалғанына берекет бер
Мың да бәлеңнен сақта
Түздегіні қатерден сақта
Сақтағайсың саламат
Құлың саған аманат
Бақтыбайдың батасы
Болмағай бір қатасы
Қабыл болғай батасы-деп сөз басын бата берумен бастады.
Ғылыми кеңесті бастап келген «Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейі» бастауыш партия ұйымының төрағасы, музей директоры, «Тарих-халық зердесі» атты ғылыми кеңес төрайымы Нағима Шенекуловна Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықованың 30 қазандағы 2015 жылғы №7 өкімімен бекітілген Қазақстан Республикасының музейлерінің жұмысын жаңғырту жөніндегі 2015-2017 жылдарға сәйкес іс-шаралар жоспарын бекіту туралы өкімі аясында құрылған кеңес және экспедиция жұмысының мақсатын жете түсіндіре отырып, келген экспедиция мүшелерімен таныстырды. Олар аудандық мәслихат депутаттары: Ноғаев Абай Сұлтанұлы, Сейтмағанбетова Жанар Есенғосқызы, ғылыми кеңес мүшелері ардагер ұстаздар Дәуітова Роза, Жұмағалиева Күләй, білім бөлімінің әдіскері Оспанова Әлия және музей қызметкерлері ……. «Орамал тон болмайды, жол болады» -дегендей атаға құрмет көрсету мақсатында иығына шапан жауып сый көрсетілді. Сыйға риза болған қария Тлембаева Нағима Шенекуловнаға «Сен де мендей боласың, көп жаса»-деп қариялық батасын берді. Ата әзілін араластыра сөйлей отырып, бұл мылтықты саған бермегенде кімге берейін, ала ғой депте қалды. Дұрыс жүретін, алысты қамтитын ойлы, тура сөйлейтін әділ, ақ пен қараны айыра білетін, жақсы – жаманды бағамдайтын, ойлы парасат иесі екендігі сөйлеген сөзінен, ғибратты әңгімелерінен көрініп тұрған Құдайберген ақсақал тұсында ілулі тұрған мылтықты орауынан шештіріп әңгімесін жалғады. Жарас атадан қалған жалғыз жәдігер-білтелі мылтықты қолына алып шүріппесін бір-екі рет сырт-сырт еткізді. Бұл бір рулы елді асыраған, құт дарыған киелі мылтық. Ілулі тұрған кезде мылтық әр жұма сайын өздігінен дыбыс шығарып киелі екендігін дәлелдеп тұрады екен. Ол да бір тылсым күш шығар сірә.
Тарихи аңыздарға сүйенсек Жарастың туысы бөлек, тұрпаты өзгеше. Оның шапшаңдығы сондай қыста қораға түскен қасқырды құр қол барып тірілей ұстап ала беретін көрінеді. Сонда денесіне сызат түсірмеген. Көзінің өткірлігі сонша – ауыл көшкенде ат үстінде тұрып, жұртта қалған иненің жасуын көріпті. Атқыштығы сондай – атқанда мылтықтың дауысын дауысына қосыпты. Тұлғасы келісті, еңсегей бойлы, жүзі нұрлы аса сұлу жігіт әдемі киініп, ортаға кіргенде тамсанған жұрт үлкені бар, кішісі бар жарылып жол бергенін аңдамай қалады екен. «Баба әруақты екен» деседі. Жарас мерген жастайынан аңшылыққа жаны құмар болған. Халық арасында: «Жарас қырық үй қабақты жалғыз оқпен асырапты» деген сөз бар. Яғни мылтығындағы жалғыз оқпен бірнеше аң құсты, киікті атып, сол жерде сойылған аңның денесіндегі оқтарын жинап алып келесісін жайратады екен. Ақсақалдың қолындағы баласы Жұмағұл қариялардан естіген аңыз әңгімелерге сүйене отырып өз білгенімен бөлісті. Ертеректе жараланған батырлардың денесіндегі оқты алу үшін, ауыл әйелдерінің ішінен еріне адал деп саналғанын мылтықтан аттатқан, адал болса біршама уақыттан соң оқ өздігінен түседі екен. Бұл да мылтықтың киелі екендігінің бір дәлелі істпетті.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері тарихымыз жаңаша зерделеніп, өткен ғасырдағы батыр, билеріміз жас ұрпаққа жаңа қырынан таныстырылуда. Ел қамын жеген ерлердің өмірі мен олардың ұстап тұтынған бұйымдарын іздестіріп, зерттеп, насихаттау арқылы келер ұрпақтың тарихи танымын кеңейтуде экспедиция мүшелері «Мың естігеннен бір көрген артық» екендігіне көз жеткізіп баба мылтығын көзбен көріп, қолмен ұстап болашаққа кеңінен насихаттай алатындай дәрежеге жеткендей әсермен оралды.
Музей экспозициясының төрінен орын алып тұрған Ұран Бақтыбай батырдың бейітінен әкелінген шырағдан, Есет ата мылтығы, Қарағұл батырдың қылышы, Әзберген бабаның найзасының ұшы көрермен көзайымына айналуда. Жарас мергеннің ұрпақтан –ұрпаққа мұра болып жеткен мылтығы да осы құнды тарихи жәдігерлерімізбен қатар музей төрінен орын алса нұр үстіне нұр болар еді. Қария жолға шыққалы тұрған экспедиция мүшелеріне сәттілік тілеп, ақ батасын беріп, тілеулес екенін білдірді. Экспедиция Есет-Дәрібай кесенесіне ат басын тіреп, құран бағыштады және шырақшының салиқалы әңгімелерін тыңдап, рухани нәр алып қайтты.
Қыдыралина Әлима Балмұхамбетқызы –
«Тарих-халық зердесі» атты ғылыми кеңес мүшесі