Жаманшың өңіріне жасалған экспедиция


Бүгін қыркүйектің соңғы күндерінің бірі.
Рухымыз күздің күні ерекше бір күйге келе ме қалай? Көлік ішінде сырттағы суық күзгі күн деуге келмейтін, шуақты күн рухымызды орап, жылытқандай болады.
Тамылжыған табиғат-адамзат жанына табылмас емші.Табиғаттың берер сыйы, мінез танытар тұстары да көп. Соның бірі күз мезгілі. Күз-ырыс-несібенің жиналып, қамбалардың толығуымен ерекшеленеді. Күрең күздің тамылжыған жаймашуақ күнінде Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейі басшысы жетекшілік жасайтын экспедиция мүшелері жұмыс жоспарына сәйкес Ырғыз өңіріне ерекше жұмбағы мол –Жаманшыға жолға тартты. «Мың естігеннен бір көрген артық»- деп ұлы ақын Абай айтқандай ту5ан жердің сыры ашылмаған жерлерінің тарихымен танысу,тарихи мағлұмат жинау мақсатында барған экспедиция мүшелерін Ырғыз аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Әлібек Іскендірұлы бастаған ұжым қызметкерлері қарсы алып Жаманшыға жол бастады. Жол бойы жауын-шашынсыз ашық болды. Таза ауамен тыныстап, бір серпіліп қалғандай болдық. «Қазақтың бойындағы кең пейілділік осы шексіз де шетсіз болып көрінетін кең даладан дарыған-ау» деген ойға кеттім. Әр түрлі ойға жетелейтін мына бір көріністерге сіздер де куә болыңыздар.

Айнала тып-тыныш, ұшқан құстан басқа ешнәрсе көрінбейтін иен даладағы көрініске таң-тамаша қаласың. Бейне бір суретшінің қыл-қаламынан өрілген туынды сияқты. Жан рахатын осы даладан тапқандай, таза саф ауамен тыныстау кереметтің кереметі дерсің. Шегі жоқ кең байтақ өлкеге көз тастау әрбір жанға ,әсіресе шабыты келген ақынға осы бір жұмбағы мол құбылыс шабыт берері анық. Жер жұмағы, жан тыныштығы құдды осы жерде сияқты. Бөгенбай шоқысынан бастау алатын жолдың ой-шұқырының кедір-бұдырына қанық жол бастаушылар «Жаманшыңға» тура жеткізді.
Ырғыз музейінің экскурсия жүргізушісі Ербол Қожабергенұлы Ырғыз өңіріндегі Табын Бөгенбай батыр шоқысы аталатын жердің тарихы туралы былай әңгімелеп берді:
-Ырғыз киелі жер. Бөгенбай шоқысы он сегізінші ғасырда өмір сүрген атақты Әбілхайыр ханның сенімді серігі болған. Ырғыз, Сыр бойындағы шайқастарға қатысқан. 1710 жылы жоңғарларға қарсы құрылтай болған сонда Әбілхайыр ханның бас сардары болып қазақ туын ұстаған тарихи тұлға. Тарихи деректер бойынша шоқы батырдың қарауыл төбесі болған екен және осы төбе жанында жоңғар батырын жекпе-жекте жеңген.Бөгенбай шоқысының биіктігі 140 метр болған деседі.
Бөгенбай шоқысынан өткен соң Ырғыз аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Әлібек Іскендірұлы Жаманшың туралы өз білгенін ортаға салды:
-Жаманши біздің елімізде және шет елдерде ғалымдардың мұқият зерттеу объектісіне айналып отыр. Кейбір әңгімелерге қарағанда патшалық кезде бір шетелдік ғалым иргизит тастан Англия корелевасына алқа жасатыпты дегенді де естігенбіз. Міне, осыдан да Жаманши тастарының қаншалықты құнды екенін аңғаруға болады. Қазіргі таңда да әртүрлі жолдармен шетелдіктер келіп қазба жұмыстарын жүргізіп кетеді. Бірде Астанадан келген археологтар иргизит тастардың тектиттер екендігін айтса, тіпті кейбіреулері тастардың құрамында алтыннан да құнды заттар бар екендігін айтады. Қопарылыс кезінде тастар тым тереңдікке кеткен, ал біздердің жинап көріп жүргеніміз тек солардың шашырандылары. Ырғыз өңірінде Жаманши, Бөгенбай шоқысы, Мәні әулие сияқты тарихы мол жерлеріміз көп дей келе ауыл қарттарынан естіген аңыз әңгімелерге де тоқталды.
Геология –минералогия ғылымдарының кандидаты, 1977 жылғы метеорит-кратерлік экспедициясының бастығы П.В.Флоринский. «Коммунизм таңы»1978 ж. 14.12. №149 санынан алынған деректерге сүйенсек былай делінген: Жүздеген мың жыл бұрын Ырғыз-Арал трассасынан оңтүстік батысқа қарай он километр жерге құлаған меторит әлем назарын өзіне аудартқан оқиға болды. Метеорит құлап түскен сәттегі жер сілкінуді бүкіл әлем сезінген. Жаманши өңірінде тереңдігі 100 метр жерден атқылаған шлактар мен әйнектер әлі күнге дейін сақталып келеді. Қыр басындағы күнмен шағылысқан әйнектер көзге бірден түссе, қара, жеп-жеңіл тастарға да таңданыспен қарайсың. Яғни атқылаған жер қыртысының арасында балқыған қара әйнек (жаманшинт) және өте ұсақ әйнек үгінділері (иргизит) екен. Метеорит жермен соқтығысып, жарылғанда орасан зор температураның нәтежиесінде бізге мәлім емес минералдар пайда болған. Бір таңқаларлығы –олардың құрамындағы кейбір элементтер ай бетінен табылған.Сондықтан ғалымдар Жаманшың кратерін зерттеудегі Айды зерттеумен байланстырған. Былайша айтқанда , Жаманшың жер қыртысынан табылған айдың кішкене бөлігі іспетті.

Міне, осындай тарихы бүкіл әлемге танымал Жаманшың өңіріне жасалған экспедиция барысында экспедиция мүшелері жер байлығын өз көздерімен көріп, Жаманшыңның тастарын жинап,суретке түсіріп қайтты.
Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейінің жанынан құрылған кеңес Ырғыз аудандық тарихи-өлкетану музейінің өлкетанушы, тарихшыларынан құрылған «Мұрагер» клубымен бірлесе жұмыс жасауды алдағы жұмыс жоспарына енгізуді жоспарлады.
Ырғыз аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Әлібек Іскендірұлына Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Нағима Шенекұлқызы экспедициялық сапарының сәтті болып, мол мағлұмат алып қайтқаны үшін өз ризашылығын білдірді.

Аудандық музейдің қор сақтаушы қызметкері, ғылыми кеңес мүшесі А.А.Қуанжанова


Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *