«Тарих — халық зердесі» атты ғылыми кеңесі


Тәуелсіздік бізге ұлттық, аймақтық және жаһандық өлшемде шексіз жауапкершілік жүгін артты. Біз осынау ұлы тағдырды қабыл алып, бірлігіміз бен еңбегіміз арқылы тарих сынағынан сүрінбей өтіп келеміз. Халқымыз Тәуелсіздіктің мызғымас тұғырын бекітіп, Мәңгілік Ел болуға бет бұрды. Сол себепті, Тәуелсіздік күні – баршамыз үшін, күллі қазақстандықтар мен әлемнің барлық қиырындағы достарымыз үшін ұлы мереке.

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы армандаған, аңсаған азат күні бұдан 25 жыл бұрын яғни 1991 жылы арманы асқақ қазақ елінің әрі қарай дамуына, өркендеп өсуіне жол ашты. 25 жыл ішінде Қазақстан әлемге танылған, даңқы асып, айбыны асқақтаған мемлекетке айналды. Бұл біріншіден мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың сауатты, көрегенділік саясатының жемісі, екінші азаттықтың қадір-қасиетін жан-тәнімен түсінген аузы бір қазақ елінің жеткен жетістігі.

Ғасырлар бойы алаш еліне арман болған тәуелсіздік,егемендік халық рухын биікке көтеріп,әлемге қазақ елінің бар екенін таныта білді. Сондықтан бүгінгі күні қазақ елі тәуелсіздік алған күнді ерекше атап өтуді басты назарда ұстауда.
Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Нағима Тлембаеваның ұйымдастыруымен Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейінде 2016 жылдың 28 қазан күні ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған “Тәуелсіздік-мәңгілік елдің ұлы тарихы” — атты аудандық семинар өтті.
Табиғаттың әрбір маусымы ерекше болатыны сөзсіз. Әр маусымның өзіне тән қызығы мен сейіл-серуені бар. Соның ішінде қыс мезгілі де өзіндік кіршіксіз аппақ қарымен, қаһарлы мінезімен, сықырлаған аязымен ерекшеленетін болса семинар өткен күн бейне бір көктемнің шуақты тамылжыған күніндей болды.

Семинардың мақсаты: Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, Еліміздің тәуелсіздік алу жолындағы ата-бабаларымыздың ерлігін паш ету, Тәуелсіздік бағаларын түсіндіру. Жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу. Елін, жерін, Отанын сүюге ықпал ету. Екі аудан музейлері арасындағы әріптестік байланыстарды нығайту мақсатында келісім — шартқа қол қою. Семинарға аудандық музей директорлары және Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейі жанынан құрылған «Тарих-халық зердесі» атты ғылыми кеңестің 13 мүшесі, Ырғыз аудандық тарихи-өлкетану музейі жанынан құрылған «Мұрагер» тобының мүшелері, мұрағатшылар барлығы 30 адам қатысты.
Шара бағдарламасы бойынша бірінші бөлімінде концерттік бағдарлама және ғылыми кеңес мүшесі, тарихшы А. Досмағанбетованың «Ұлы дала елінің белестері» тақырыбында баяндамасында ширек ғасыр ішіндегі Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың басшы¬лығымен Қазақстанның әлемдік тұрақтылыққа, тәртіп пен қауіпсіздікке қосқан үлесі бағаландығы, әлемде алғашқы болып Семей ядролық полигонын жауып және атом қаруынан бас тарта отырып, біз жетекші ядролық державалар – АҚШ-тан, Ресейден, Ұлыбританиядан, Франциядан және Қытайдан қауіпсіздігімізге берік халықаралық кепілдік алғандығы туралы мағлұмат берілді.

№2 мектеп гимназиясының мұғалімі Қ.Мұрзалина «Рухы бай ел» атты киелі Шалқар өңірінен шыққан батырлар, аузы дуалы жыршы-жыраулары, ишандары, қолөнер шеберлері, тарихи ескерткіштер және туған мекеннің өткені мен бүгінгі тарихынан слайд арқылы Шалқар шежіресін оқыды.
Ал, екінші бөлімінде Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейі жанынан құрылған «Тарих — халық зердесі» атты ғылыми кеңесі және Ырғыз аудандық тарихи-өлкетану музейі жанындағы «Мұрагер» тобының мүшелерінің қатысуымен«Ұлт Тәуелсіздігінің басты тұғыры-ұлттық құндылықтар» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Дөңгелек үстел барысында музей директоры Нағима Тлембаева өлке тарихынан, оның ішінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықованың 30 қазандағы 2015 жылғы №7 өкімімен бекітілген Қазақстан Республикасының музейлерінің жұмысын жаңғырту жөніндегі 2015-2017 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту туралы өкімі аясында Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейінің жұмыс жоспарына сәйкес атқарылған жұмыстары жайында ортаға салды. Атап айтар болсақ музей жанынан «Тарих-халық зердесі» атты ғылыми кеңес құрылғандығы, музейдің басты құндылығы қордағы жәдігерлерді облысымыздың аудандарындағы музейлердің арасында алғашқы болып электронды базаға тіркеп сайтта жариялануы, тарих жанашырлары демеушілердің көмегімен материалдық-техникалық жағдайы жақсартылды.

Ырғыз-Торғай табиғи резервуары басшысының орынбасары, «Мұрагер» тобының мүшесі Мереке Жұбаниязов Тораңғы – Қазақстандағы өсімдіктердің ең ежелгі реликті түрлері, Алтын – Жаппас рулары жайлаған ескі қоныстар орыны, тарихи ескерткіштер туралы слайд арқылы әңгімелеп берді.

Музей директоры Н.Тлембаева жас ұрпақты музей мәдениетімен, еліне деген мақтаныш пен Отаншылдық сезімін оятып, тарихи кезеңдермен таныстыру, ұлттық дәстүрімізді ұғындыру, еліміздің тарихи-мәдени мұрасын заманауи тұрғысында сақтап, насихаттауда зор үлес қосып, үнемі мәдени іс-шараларға белсене қатысқандарды марапатады және семинарға қатысушыларға сертикат табыстады. Сонымен қатар аудандардан келген қонақтарға музей атынан сый-сияпаттар жасады.

Шараның өту нәтижесінде ата-бабаларымыздың бізге қалдырып, мұра етіп кеткен рухани және материалдық байлығын сақтап қалу, келешек ұрпаққа жеткізу, жастардың бойында елімізге, жерімізге, мәдениетімізге деген ұлтжандылық сезімін күшейту, тарихи орындармен тереңірек таныстыру және екі аудан музейлері арасында әріптестік байланыстарды нығайту мақсатында Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Нағима Тлембаева, Ырғыз аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Әлібек Таубатыров келісім-шартқа салтанатты түрде қол қойды.

Қыдыралина Әлима Балмұхамбетқызы –
«Тарих-халық зердесі» атты ғылыми кеңес мүшесі.


Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *