«Қазақ әдебиетінің қаламгері» атты ғылыми кеңес отырысы


Көркемсөз шебері Тахауи Ахтановқа арналған ауқымды кеш Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасы аясында көрсетілгендей Шалқар өңірінен шыққан, қазақ жұртшылығына танымал тарлан қаламгер, заңғар жазушы Тахауи Ахтановтың өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақсатында Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Н.Тлембаеваның бастамасымен, №3 мектеп директоры А.Шалабаеваның бірлесуімен музей жанынан құрылған «Тарих-халық зердесі» атты ғылыми кеңестің жұмыс жоспарына сәйкес «Қазақ әдебиетінің қаламгері» атты ғылыми кеңес отырысы және әдеби кеш өтті.

Кешке аудандық мәслихат депутаттары М.Ержанов, Ж.Сейтмағанбетова, аудандық білім бөлімінің бас маманы Ж.Бекетова, музей жанынын құрылған «Тарих-халық зердесі» атты ғылыми кеңес мүшелері: ардагер ұстаздар К.Жұмағалиева, Р.Дәуітова, Шалқар ауданындағы психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің директоры Ұ.Хасенова, «Замандас» клубының төрағасы Б.Жоламанов, №3 мектептің қазақ-тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Г.Жайылғанова, Ә.Жанкелдин атындағы және №8 мектептің мектептің қазақ тілі пәнінің мұғалімдері: Ж.Насанбаева, А.Қалдина және оқушылар қатысты.

Тағылымды шараның ашылуында ғылыми кеңес төрайымы Нағима Шенекуловна жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелей отырып жазушының көркем шығармаларының эстетикалық табиғатын терең тануына ықпал жасау борышымыз- деп атап көрсетті.

Кеш барысында ұлы жазушының көркемдік деңгейі қырық қабат «Шырағың сөнбесін» романынан үзінділерді тебірене оқыған Д. Мырзағазиев, Ф.Сағымбаев, Қ.Мейірханова, Қ.Михайлов, Д.Ахатов, Г.Ормағанбетова, Н.Аханұлы, А.Мейрамбек, М.Сағымбаева , Г. Амангелдиналар көрермендерді әдебиет әлеміне енгізіп жібергендей әсерге бөледі. Кеш жүргізушісі Н.Әбжанов көрнекті қазақ совет жазушысы, белгілі драматург, Қазақ ССР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Тахауи Ахтановтың қиын да қызықты өмірі, сыры мен сыны тұнған қайталанбас шығармашылығы туралы толық мағлұмат берді.

Т.Ахтанов (1923-1994жж) –Ақтөбе облысы Шалқар ауданындағы Шетырғыз ауылында туған.Орта мектепті тәмәмдаған соң, 1940 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтына түседі. Осы институттың филология факультетінің екінші курсында оқып жүргенде ел басына екіталай күн туған сұрапыл соғыс албырт , арманшыл жастың намысын оятып, қан майданға өзі сұранып аттанады. Сұрапыл соғыспен бетпе-бет келіп, өмір мен өлімнің арасында от кешіп жүрген жалынды жауынгердің алғашқы әсерлері, ой-толғаныстары өлең, очерктер арқауына айналып, майдан газеттерінде жариялана бастайды.

Осылайша жас қаламгердің өмірдерегі тұрғысын, гуманистік нысанасын айқындауға, қаламының ұшталуына айрықша әсер еткен-екінші дүниежүзілік соғыс. Адамзат тарихында мәңгілік қайғылы із қалдырған осынау алапат Тахауи Ахтановтың жалпы шығармашылығында ерекше орын алды. Соғыстан кейін де әдебиетке қызу араласып өлеңдер жазып , кейін прозаға ауысып , біраз жылдар өткен соң драматургия саласында қалам тербетеді. Аудармамен айналысып А.Н.Толстойдың «Азапты сапарда» атты трилогиясын, М.Горькиидің әңгімелерін тәржімалаған.

Тахауи Ахтановтың «Қаһарлы күндер» атты романы 1956 жылы басылды. Бұдан кейін «Көкқұтан», «Махаббат мұңы» әңгімелері мен повестері туды. «Сәуле», «Боран», «Ант», «Әке мен бала», «Күтпеген кездесу, «Арыстанның сыбағасы», «Күшік күйеу» сияқты драмалық шығармалар жазылып еліміздің және шетелдердің сахнасында көрсетілді. 1963 жылы «Дала сыры »деген атпен шыққан повесін толықтырып, өңдеп 1966 жылы «Боран»деген атпен роман етіп шығарды. Осы романы үшін Т.Ахтановқа 1966 жылы республикамыздың Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық берілді.

Жазушының ең соңғы жазғаны — «Шырағың сөнбесін»романы. .Романының басты кейіпкерінің соғыстың қылкөпірінен өліп –талып өтіп, онсыз да азап бейнеті аз болғандай ерлікпен қаза тапқан партизандардың, жеке өзінің шырағын сөндірмей от-жалын арасынан олардың көздері мен тұяғын құшағындағы екі сәбиді, құрсағындағы шарананы елге аман-есен әкеле жатқан поезд үстінде арып ашыған жауынгер ана Назираның әуелгі тоқтар аялдамасы етіп өзгені емес Ақтөбені таңдағаны, келешекте сәбилер соғыс өртін көрмесін деген іңкәр тілекпен осы шығармасына соңғы нүкте қойған да –Т.Ахтанов болатын. («Ана тілі» газеті №7. 2012жыл. «Тахауи Ахтанов есімі ардақтауға лайық» Әбдіжали Жұмашұлы)
Тахауи Ахтанов-қазақ сөз өнерінің құдіретін меңгеріп туған әдебиетіміздің қасиетті қазақ елінің мәртебесін биікке көтерген әдебиет табалдырығын аттаған шақтан дарынымен көзге түсіп, белгілі жазушыларымыз М.Әуезов пен Ғ.Мүсіреповтың дуалы аузына іліккен көрнекті қазақ совет жазушысы, белгілі драматург, Қазақ СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, сан ұлтты ұлы әдебиеттің биік-биік бел-белестерінің ұзақ тізбегіндегі ірі тұлғалардың бірі болып танылды. Көркем сөздің аса көрнекті зергерінің бір бойына тамаша прозашының, драматургтың, сыншының, аудармашының дарыны қатар қонған асыл азамат. Т.Ахтановтың өмір дерегі туралы жазғандар бір Шалқарда туылды десе, енді бірі Қарабұтақ өңірінің перзенті деп жазады. Олай екі түрлі пікірдің туындауына да себеп жоқ емес. Өйткені Тахауидың кіндік қаны тамған жер киелі де қасиетті Шалқар елі.

Ал Қарабұтақ өңірінікі делінуі Тахауидың аталары бай-қуатты жандар болған, тіпті Меккеге қажылыққа барған молда кісілер болған деседі. Заманның аумалы төкпелі кезеңімен тұспа –тұс келген балалық шағында аталары компескіленіп қайын жұртына көшкен , аталарымен ілесіп 8 жасында нағашыларына қоныс аударған.Содан Қарабұтақта өмір сүрген. Ал Тахауи үшін Шалқар өңірі әрқашан ыстық болған.Оған нақты дәлел: «Кіндік қаным тамып, таяқты ат қып мініп ержеткен мекенім — Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Шетырғыз жері Ақтан қорасы»- деп өзінің мерейтойларында сағынышпен еске алғаны Ақтөбеге, Шалқарға ,Ырғыз ,Шетырғыз, Қарабұтаққа ат басын тіреп, кіндік қаны тамған топыраққа аунаған, бауырларымен қызу қауышқан, дәм-тұз татқан және жерлестерін мақтан тұтқан.

Кешті өткізу барысында қазіргі таңда да Шалқар өңірінде Тахауи Ахтановтың ұрпақтары арамызда бар екенін білдік, яғни ұлы жазушының шөбересі №3 мектептің 9 сынып оқушысы Жансейітов Данияр Тахауи Ахтановқа өзінің қаншалықты жақын екендігін және атадан таралу шежіресін айтқанда таңданыс туғаны жасырын емес. Себебі жазушының ұрпағының арамызда болғаны Шалқарлықтар үшін үлкен мақтаныш екені де жасырын емес.Кеш барысында Тахауи Ахтанов туралы жазылған ақындарымыздың өлеңдері оқылып, аудандық «Сары Батақұлы» атындағы мәдениет үйінің әншілері «Шалқар вальсі» әнін көрермендерге тарту етті. Музей қорында бар деректерден «Тарлан қаламгер-Тахауи» тақырыбында көрме жасақталды.

Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейі жанынан құрылған «Тарих-халық зердесі» атты ғылыми кеңес мүшелері Т.Ахтановтың 95 жылдығына орай өткізілген шараны талқылай отырып, осы өңірде ұрпақтары бар екенін және одан әрі осы ұрпақтары арқылы тың деректер жинау керектігіне тоқталып, келешекте бұдан да кең көлемде шаралар ұйымдастыруды жоспарлады.

№3 мектеп директоры А.Шалабаева қаламгер, ұлы жазушыға арналған шараны өткізуде жоғары деңгейде үлес қосты және ұйымдастырушы педагог Н.Әбжановтың жүргізу шеберлігі көрермендер мен кешке қатысушылардың көңілінен шықты.

А.Қуанжанова.
Шалқар аудандық тарихи-
өлкетану музейінің
қор сақтаушы қызметкері.
«Шалқар» газеті №8(8533)
8 ақпан 2018 жыл
«Шежірелі өлке»газеті №9(830)
23 ақпан 2018жыл.


Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *