Рухани жаңғыру –Ұлттың Ұлы Мұраты!
23 қазан 2018 жылы Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейінің жылдық жұмыс жоспарына сәйкес музей жанынан құрылған «Тарих-халық зердесі» атты ғылыми кеңес, «Өлкетану» секциясының мүшелері Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында туған өлке тарихын, тарихи мәдени ескерткіштер мен ғұлама тұлғалар туралы зерделеу, насихаттау, тереңірек таныстыру жұмыстарын жандандыру мақсатында музей басшысы Н.Тлембаеваның басшылығымен Кішіқұм ауылдық округінен 17 шақырымда орналасқан Тілеубай баласы Жарымбет ишанның мешітінің орнына экспедицияға барды.
Жарымбет ишан 1850-1931 жылдар аралығында өмір сүрген. Ишаннан Ашубай және Әжмұрат есімді екі бала болған. Ашубай атақты жырау. Одан тараған ұрпақтар Ақтөбе қаласында өмір сүруде. Ал Әжмұраттан қалған 84 жастағы Әбдібақи қарт қазіргі таңда Кішіқұм өңірінде бақытты ғұмыр кешуде.
Жарымбет ишан-кешегі заманда өздігінен білім алған, Сыр бойындағы Хазіреттен сұфы, кейін ишан атағын алған, Кішіқұмдағы «Сартепсен»деген жерде мешіт ашып бала сауаттандырған. Қазіргі таңда мешітінің орнында үйінді топырақ ғана қалған.Ұрпақтары мешіт орынын қоршап «Жарымбет ишан мешітінің орны» деп тақтайшаға жазып белгі қойған. Қасында құдық бар. Ал бейіті осы жерден 400-500 метрдей жердегі қорымда жерленген. Экспедиция мүшелері мешіт орынын өз көздерімен көріп, ишан ұрпағы Әжімұрат баласы Әбдібақи қарттың аузынан деректер жинап, бейіт басына барып әруақтарға құран бағыштап қайтты.