Тілеу Айтұлы
(1630-1684)
Тілеу Айтұлы — би әрі батыр қолбасшы. Күлтөбеде Тәукені хан сайлауға, Сұпы Әжіні пір сайлауға қатысқан. Тілеудің Есіркеміс, Алдаберді, Жолдыаяқ, Жақсымбет, Мөңке есімді балалары болған. 1681–1684 жылдары жоңғарлармен болған Сайрам соғысына 17 мың қол жинап, қасына баласы Жолдыаяқ, інісі Қалдыбай батырларды ертіп барып соғысқан. 1684 жылы Сайрам қаласынан қорғаудағы шешуші ұрыста өзі де, баласы Жолдыаяқ та опат болған. Екеуінің сүйегі Қожа Ахмет Иссауи кесенесіне жерленген. Есімдері кесенедегі ескерткіш-тақтада жазулы. Түркістан қаласында Тілеу, Жолдаяқ батырлар атындағы көше бар. Кіші жүздегі рулы ел Тілеу есімімен аталады. “Тілеуқабақ” әні Айттан туған ағайынды Тілеу мен Қабаққа арналған. Тілеудің тікелей ұрпақтары: Қаражігіт молда Бектауұлы, Мырзағұл би Шыманұлы, Достан би Тәңірбергенұлы, Сарышолақ шайыр, Сары Батақұлы,Таразы ақын, жазушы Тахауи Ахтанов, саясаткер Марат Тәжин т.б.
Қазақ хандығының 550 жылдығына орай әр жерде ескерткіштер бой көтеріп жатыр. Ақтөбе қаласының Әбілқайыр хан даңғылы мен Тілеу батыр көшесінің қиылысындағы алаңда Тілеу батыр Айтұлына арналған ескерткіш орнатылады.