Амангелді Иманов
(1873 – 1919)
Қазақ халық батыры, қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі, Кенесары Қасымовтың үзеңгілес серігі, Иман батыр Дулатұлының немересі. Бұрынғы Торғай уезі Қайдауыл болысында туған. Әкесі шаруа баққан, момын кісі болған. Шешесі Қалампыр Қақуқызы медресе бітірген. Амангелді әуелі ауыл молдасынан 2 жыл оқып, кейін Тасыбай, Тәшмағамбет ишандардың медресесіне түсті. Медреседе 4 жыл оқыған ол түрік, парсы, араб тілдерін меңгерді.
Әкесінен 7 жасында жетім қалып, жоқшылық тауқыметін ерте тартты. Ел ішіндегі дау-шарға ерте араласып, сол себепті Ресей империясының жергілікті билеушілерінің қудалауына ұшырап, 1896-1911 жылдар аралығында бірнеше рет түрмеге қамалды.
Амангелді батырдың ұйымдастырушылық және қолбасшылық таланты 1916 жылғы Ресей императорының маусым айындағы жарлығына наразылық ретінде Торғай даласында бұрқ еткен ұлт-азаттық көтеріліс барысында айқын көрінді. 2-3 ай ішінде елеулі күшке айналған көтерілісшілер Қоғалыкөлде бас қосып, Әбдіғапар Жанбосыновты хан, Амангелдіні көтеріліс қолбасшысы (сардар) етіп сайлаған.