Байқазақ Жолдасбайұлы
(1839 – 1896 ж.ж.)
Тарихи деректер бойынша Байқазақ батыр 1839 жылы Ырғыз ауданы Темірастау болысында (қазіргі Калинин кеңшарында) дүниеге келген. Байқазақ батырдың туған және өмір сүрген дәуірі бытыраңқы қазақ ұлыстарын бір жағынан патшалы Ресей, екінші жағынан Қоқан, Хиуа хандықтары қыспаққа алған уақыт еді. Байқазақ батыр жас болса да, Қарабас Есет Көтібарұлы, Өмір Әзберген, Қарағұл батырлармен бірге Ресей патшалығына қарсы жорықтарға қатысқан. Байқазақ батыр – төртқараның жаншұқыр тармағынан тарайтын Қасым бабаның ұрпағы. Қасым бабаның ел аузындағы аты – Қаракісі. Байқазақ батыр бес Қасымның ішіндегі Мазасынан тарайды. Мазыдан: Қасқатай, Құмар, сары Дүкен деген балалар тарайды. Қасқатайдан: Жолдасбай. Ал Жолдасбайдан: Байқазақ, Қазақбай, Садақбай, Қаптағай, Шуақбай, Қарсақбай, Шала деген жеті ұл, Көлдей деген б»р қыз өсіп өрбиді. Жолдасбайдың балалары шетінен жауынгер, батыр-палуан, суырып салма ақын, әнші болған. Байқазақ батыр бірыңғай қара күштің адамы болған емес. Ол қайратымен бірге досқа да, дұшпанға да рахымды, ақылгөй, дана адам болған. 1896 жылы Қоңыраттан 30 шақырым жердегі Құсқана тауында дүние салған.