Қайдауыл Едігеұлының кесенесі
(1766-1839)
Көтібар, Арыстан мен Достан бидің замандасы. Руы – шекті ішіндегі қырғыз тармағынан. 1787 жылы түрікпендер шапқыншылығының кезінде Қайдауыл 250-дей жасағымен жауға қарсы аттанып, жекпе-жек шайқаста түрікпендердің жеті батырын жеңген. 1789 жылы шектілердің башқұрттарға қарсы жорығында Назар батырды қолға түсіріп, барымталаған мал-жандарын қайырған. 1783 – 97 жылы Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысқа қатысып, патша үкіметінің жергілікті халықты шұрайлы жерлерден ығыстыруына қарсы күресті.
Қайдауыл 1839 жылы орыс казактары мен башқұрттардан құралған патша әкімшілігінің әскері “қазақ даласында тәртіп орнатамыз” деген желеумен ауылдарды шапқан шайқаста қаза тапқан. Қайдауылдың кесенесі Қауылжыр өзенінен өтетін “Қайдауыл” көпірі маңында, Шалқар қаласының батысында 35 км жерде орналасқан.